Just another KazJur блог жүйесі site

«Қораға құт дарыды» деген осы


Міне, қызық! Ақмола өңірінде тұратын Қабылбаевтар әулетінде ерекше құбылыс. Қорадағы бұзаудың маңдайында 7 деген сан жарқырап тұр. Біреу әдейілеп тұрып ен салып қойғандай. Алланың құдыретімен бұл үйдің сиыры осындай  бұзау төлдепті. Қалай болған күнде де Бурабай ауданының Кенесары ауылы тұрғындары мұны  жақсылыққа жорып отыр. Жеті санын ерекше қастерлеп, қасиетті санайтын қазақекем үшін бұл расында ерекше жағдай. Ал, мал иесі бес уақыт намазын қаза қылмайтын, иманға берік адам.

Айбат Құдайбергенқызы бұл – «жақсылықтың нышаны, Алланың жіберіп отырған сыйы», – дейді. Айта кету керек жалпы бұл үйдің қорасына әлдеқашан құт қонған. Осыдан бес жыл бұрын Құрбан айтқа бірер күн қалғанда бүйірінде «Алла» деген жазуы бар қозы туған екен. Ол кезде кейуана қажылық сапарда жүрсе керек. Қазақ деген ырымшыл халық емес пе?! Балалары «анамыздың сапары оң болсын» деп қасиетті қозыны құрбандыққа шалыпты. Міне, осыдан кейін тоғыз жыл бойы құрсағына бала бітпеген үйдің үлкен келіні жүкті болып, сәби дүниеге келіпті. Енді Қабылбаевтар әулеті көптен бері көкейлерінде жүрген ойларын жүзеге асырмақ. Жетімдер үйінен жеті баланы асырап, бауырларына баспақшы.

Айбат ҚАБЫЛБАЕВА:

- Жаздың күні тіпті тауықтарымыз да «Алла» деген жазуы бар жұмыртқалар тапты. Көршілерімізг көрсеттік. Бұл енді әрбір шаңырақта бола бермейтін жағдай ғой. Алла Тағаланың бізге назары ауған шығар  деп ойлаймын.

 

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Шелекпайда орман өртенді


Шелекпай орман шаруашылығындағы 85 гектар жер өртеніп кетті. Өрт Ақмола облысына қарасты Кеңес ауылының маңында болды. Елордасы Астанадан шамамен 100 шақырым қашықтықта тұтанған от орман ағаштарын да шарпыған.

Сөндірушілер қызыл жалынмен төрт сағат бойы күресті. Тілсіз жауды ауыздықтауға 91 адам және 27 техника жұмылдырылды. Ақмола облысы мен Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесе жұмыс атқарды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Өрттің шығу себебі әлі анықталуда. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Айта өтейік, бұл сәуір айы туғалы Ақмола өңірінде тіркеліп отырған алғашқы дала өрті.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Зерендіге зер салынатын болды


Қазақ топырағы көрікті мекеннен кенде емес. Кезінде Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Сәкен Сейфуллин сынды жыр сүлейлері әніне қосып әспеттеген Көкше келбеті қандай?! Сексен көлімен талай ақынның өлеңіне арқау болып, талай туристің таңдайын қақтырған қасиетті өлкенің бүгінде қадірі қашып бара жатқандай… Өкінішті әрине. Әңгіме Көкшетау қаласынан 50 шақырымдай қашықтықта жатқан Зерендікөлі жайлы болып отыр.

Зеренді көлі

Сурет www.nur.kz сайтынан алынды

Жағасында аққу-қазысы қиқулап, төбесінде шағаласы шаңқылдап, бетінде шортаны шоршып жүретін көлдің бүгінгі келбеті аянышты. Жалпы аумағы 12 шаршы шақырымға жуық, ұзындығы 6, ені 4 шақырымнан асатын тұнық көл мүсәпір күйге түскен. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Хусаин Савазовтың айтуынша, бүгінгі күні көлдің аумағы тарылып, таяздап кеткен. Жалпы аумағы 9,61 шаршы шақырымға жетер жетпес. Ең терең тұсы 6,8, ең тайыз жері 2 метр ғана. Мұндағы су деңгейінің төмендеуі жауын-шашынның аз жауып, көл жағасында жол, тұрғын үй құрылыстарының көбеюі салдарынан болып отыр. Оның үстіне соңғы уақытта көл жағасына келіп демалушылар қатары да көбейген. Негізі тұщы көлдің жергілікті тұрғындардың тұрмысына берері де баршылық. Мұнда қазірдің өзінде балықтың шортан, рипус, карп сияқты бірнеше түрі тіршілік етеді. Сондықтан көлдің балық шаруашылығын дамытуға игі ықпалы бар деп санайды табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бастығы Әнуарбек Сағитов.

Енді жергілікті билік өкілдері бұл көлге жанашырлық таныта бастады. Облыс әкімі айтылған проблемаларды шешу үшін жұмыс комиссиясын құрып, зерттеу жүргізуді тапсырды. Көл суының азаюына тосқауыл қоюдың тәсілі де ұсынылды. Алдағы уақытта көлге жақынырақ орналасқан Подлесный су қоймасынан су жіберу жүйесі тартылатын болды. Ол үшін әуелі 7,8 миллион теңгенің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның жалпы құны 300 миллион теңгеге жетіп жығылады.

 

 

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

«Аралда» қалған ауылдарға қашан байланыс орнайды?


Сурет http://akmolinka.narod.ru/ сайтынан алынды

http://akmolinka.narod.ru/

Ақмола облысының бес бірдей ауылы он күннен бері ешқандай байланыссыз отыр. Аудан орталығына қатынайтын жолдарды қызыл су шайып кеткен. Бұл жағдай үш жыл қатарынан қайталанып келеді. Күн күрт жылынғанда Жабай мен Сарқырама өзендері асаулық танытып, Богородка, Дорогинка, Красная Поляна, Арбузинка және Петряковка ауылы тұрғындары құдды бір көз көріп, құлақ естімейтін аралда қалғандай күн кешеді.

Биыл бұл аймақта көктем ерте шықты. Арқаның алты ай қысынан есін жиып үлгермеген халық енді азықтан да тарыға бастағанын айтады. Басы ауырып, балтыры сыздаған сырқаттарға жедел-жәрдемнен де қайыр жоқ. Айнала қоршаған судан айналып өте алмай жол ортадан кері қайтады. Осының салдарынан жақында жағдайы күрт нашарлаған ауылдың бір тұрғыны ауруханаға жете алмай арманда кетіпті. Ал, тірі адам тіршілігін жасайды емес пе?! Енді қарым-қатынас үзілген 5 ауылдың халқы аудан орталығына жету үшін өзеннен қайықпен жүзіп, қалған 120 шақырымды жолсызбен жүріп өтуге мәжбүр. Бірақ бұл жол азабын жасы егделеген қарт пен бұғанасы қатпаған баланың көтере алмасы анық. Сондықтан мықты жігіттер жиналып, қара нан үзіліп бара жатқан үйлерге әупірімдеп азық-түлік жеткізіп береді, – дейді Широковский ауылдық округінің әкімі Жәнібек Қасымов. Ауылдың бүгінгі жағдайына Сандықтау ауданының әкімі Қанат Сүйіндіков жақсы қанық. Бірақ ол да шарасыз. Сондықтан жағдайдың жылда қайталанатынын біле тұра, ерте қамданбаған ауыл тұрғындарына дәл қазір берер көмегі жоқ. Әкімнің айтуынша, өзеннен өтетін жалғыз көпірді үш жыл бұрын су шайып кеткен. Ал, жаңасын салуға 1 жарым миллард теңге қажет. Өзінің бюджеті осы көлемнен аспайтын аудан бұл қаржыны қайдан тапсын? Жоғарыда аталған бес ауылды ауданмен жалғап отырған жалғыз көпірді су шайып кеткенде тұрғындар бірден мәжіліс депутаты Егор Каппель мен сенатор Светлана Жалмағамбетовадан қол ұшын созуды өтінген. Министрліктерге де барған. Нәтижесінде бұл жаққа гидроқұрылысшылар мен жобалаушылар келіп, жаңа көпірдің шығынын есептеп берген. Сол кезде тұрғындардың көңілінде үміт ұялап, бір серпіліп қалған еді. Бірақ қажетті қаржы әлі күнге дейін табылмай отыр. Республикалық бюджеттен де жаңа көпірге жететін ақшаны бөлгізудің қисыны келмей-ақ қойды. Ал, түгін тартса майы шығатын осы ауданның құнарлы жерлерін игеріп, күнелтіп жүрген «Агоцентр «Астана» акционерлік қоғамынан да қайыр жоқ. Демеушілік жасап, тұрғындардың алғысын алу олардың ойларына да кіріп шықпайды.    Тұрғындар болса жыл сайын қираған көпірдің орнына қиыршық тас төсеп әуреленеді. Бірақ ол көктемгі су ағысына шыдас бермейді. Бұған дейін жарты ғасыр бұрын салынған көне аспалы көпірдің көмегі тиетін-ді. Биыл оның да жағдайы мәз емес. Ағаштары шіріп, түйілген темірлерін әбден тот басқан. Ені тары бұл «қыл» көпірден өтуге әркімнің жүрегі дауалай бермейді.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Коко өзені арнасынан асты


Ақмола облысында отыз шақты үй мен бау-бақша алаңын су басты. Бейсенбіден жұмаға қараған түні Жарқайың ауданына қарасты Костычево ауылының тұрғындары әбігерге түсті. Елді-мекеннің іргесінде орналасқан Коко өзені арнасынан асып, су маңайға жайылған.

Өзен жағалауына төселген бөгет шыдас бермей сөгіліп кеткен көрінеді. Мал шығыны жоқ. Адамдар да дін-аман. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары құтқару жұмыстарын дер кезінде жүргізген. Оқиға кезінде отызға жуық адам көрші ауылдарға жеткізілген. Сондай-ақ тұрғындардың қырықтай малы қауіпсіз жерге көшірілді. Осы мекеменің хабарлауынша, күннің күрт жылуына байланысты сайын даладағы қалың қар еріп, көп мөлшердегі қарғын су өзен арнасына құйылған. Осының кесірінен су жағадағы 800 метрге созылып жатқан бөгеттен асып кеткен. Аулаларға тараған судың деңгейі 35 сантимерге дейін жеткен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметкерлерімен қоса азаматтық қорғаныс саласының мамандары да барды. Бірлескен бригада бөгеттің жарылған жерлерін қалпына келтірді. Бұл шараға бас аяғы 10 техника 39 құтқарушы тартылған. Облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Әнуарбек Сағитовтың айтуынша, қазір су тартылды. Негізінен аталмыш басқарма былтыр шілдеде тозығы жетіп тұрған бұл бөгетті қалпына келтіру туралы тапсырыс берген болатын.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Көкшеліктер қолдарын жылы суға малады


Көкшеліктер көп ұзамай қолдарын жылы суға малатын болды. Бұл тура мағынасында айтылып отырған сөз. Көкшетау – ел аумағындағы ыстық сусыз отырған жалғыз облыс орталығы. Айта айта әбден жауыр болған бұл мәселеге енді жан кіріп, сең орнынан қозғалғандай…

Осы аптада облыс әкімі Қайрат Қожамжаров жағымды жаңалық айтты. Биыл Көкшетау қаласын абаттандыру бағдарламасы бойынша тың ұсыныстарды талқылау кезінде қала іргесінен жаңа жылу электр орталығы салынатыны мәлім болды. Облыс әкімі көшетаулықтардың ыстық сусыз отырғанын, бұл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы керек екендігін Елбасына ебін тауып жеткізіпті. Нәтижесі жаман емес. Бұйыртса биыл қалада жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталады. Нысан төрт жылда салынып бітуі тиіс. Бұл стратегиялық тұрғыдан өте ұтымды жоба болмақ. Табиғи отынмен жұмыс істейтін орталық қаланы ыстық сумен үздіксіз қамтасмасыз етеді. Оның сыртында шағын шаһардағы екі жылу қазандығына электр қуатын беріп отырады. Осылайша жергілікті билік алдағы он жыл ішінде жылу тарифін төмендетуге қол жеткізбек.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Қазақтың шұжығы мен қазы-қартасы экспортқа шығады


Сәуір болса, тәуір болады. Ақмолалық шаруалар жер тоңы жібіп, қар көбесі сөгілген сәтте Ресейге жылқы еті өнімдерін экспорттамақшы. Яғни, мәскеуліктер қазақтың қара шұжығы мен қазы-қартасына қарық болады. Астана іргесіндегі Қорғалжын ауданында орналасқан комбинат жылына бес мың тонна ет өңдейді.

«Астана Агропродукт» ЖШС екі жылдың ішінде ішкі нарықта өзінің орнын тауып үлгерді. Қазір бұл серіктестіктің шұжықтары мен жартылай дайын өнімдерінің 100-ден астам түрі  Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Павлодар қалаларының тұтынушыларына ұсынып келеді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов Сабынды елдімекеніндегі ет және шұжық өндірісінің қазіргі ахуалын өз көзімен көріп, сондағы кәсіпкерлермен жүздесті. Серіктестік директорының орынбасары Әшім Хайруллиннің айтуынша, қазір ресейлік әріптестермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, сәуір айы туысымен отандық өнімдер Мәскеу қаласы мен облысына жөнелтіле бастайды. Қазір кәсіпорынның тасы өрге домалап тұр. Құны бір миллиардтан асатын жобаның іске қосылуы 120-ға жуық жергілікті тұрғыннның тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашты. Орташа жалақы 70 мың теңге. Бірақ ет комбинаты бүгінгі күні шикізат мәселесін шеше алмай отыр. Осы мәселені кәсіпкерлердің өз аузынан естіген вице-премьер жергілікті жерде мал бордақылау алаңын салу қажеттігін алға тартты. Серік Ахметовтың айтуынша, мұндай бастамаға мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұл жерде ең бастысы – сапалы ет өніміне назар аудару қажет. Экспортқа шығарылатын өнімге деген талап ерекше болуы тиіс. Еліміздің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына бойынша іске қосылған бұл жоба кеден одағының экспорттық реестріне енген. Тағы бір мәселе, жұмысы жанданып, кәсібі жетіліп келе жатқан шаруалар үшін мемлекеттен несие алудың маңызы зор. Бұл тұста мал шаруашылығымен енді айналысам деп отырған ынталылар үшін бірқатар қиындықтар баршылық. Мәселен, мемлекеттен қаржы алып, асыл тұқымды мал сатып алған шаруалар үшін бастапқыда қаражатты қайтару қиынға соғады. Сондықтан жұмысын енді бастаған шаруалар үшін салықты шарықтатпау жағы ұсынылды. Серік Ахметов айтылған әр мәселеге назар қойып, бұл түйткілдерді үкіметте қарау керектігін айтқан еді. Уәдесінде тұрды. Бүгін үкіметте бизнесті несиелеудің тың бағдарламасы ұсынылды. Экономикалық даму және сауда министрлігі несие алушыларды кепілдендірудің жаңа жүйесін ойлап тауыпты. «Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің қаржы көзедеріне кедергісіз қол жеткізуі үшін жасалып отырған игі іс» деп түсіндірді экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев. Егер бағдарлама жүзеге асатын болса, өз бизнесін дөңгелету үшін несие сұрап барған кәсіпкерлерге «Даму» қоры кепіл болады. Мәселен, аталмыш қор енді ғана іс бастаған кәсіпкерлерге жоба шығынын жабу үшін бір жарымнан үш миллион теңгеге дейін кепілдік береді. Құптарлық іс.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Көкшеліктер көп ұзамай «көгілдір отынға» қарық болады


Көкшетауға көрші Ресейден газ құбыры тартылмақ. Екі ел келелі келісімге қол жеткізгелі бері «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» магистральдық газ құбыры Ақмола өңірінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ахуалын жақсартуға үлкен септігін тигізеді деген үміт үкілене түсті.

Тоқсаныншы жылдары Көкшетау тұрғындары орталықтандырылған газ жүйесінен ажырап қалған еді. Содан бері 150 мыңға жуық бір қауым ел өмірге қауіпті болса да, жандарын шүберекке түйіп, жоғарғы қабаттарға баллон тасумен күнелтіп келеді. Ал, маңайдағы елдімекен тұрғындары алып газ құбыры тартылады дегенді естігенде бөріктерін аспанға атып қуанғаны рас. Бірақ бұл жоспардың межелі мерзімде жүзеге асатынына аса сене қоймайды. Сөйте тұра «әр үй басына» құбыр тарту туралы тілек білдіріп, жергілікті билікке өтініш жазушылардың қатары көбейіпті. Қалай десек те, еліміздің туристік әлеуетін әспеттеуге ат салысып келе жатқан шоқтығы биік Бурабай өлкесі экологиялық тұрғыдан ұтары сөзсіз. Қазірдің өзінде көптен күткен игі істі игеруге қатысты кезеңдік шаралар қолға алына бастады. Ақмола облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Александр Мартыненконың айтуынша, биыл Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылы толық газдандырылады. Уәде бойынша мұнда әрқайсысының сиымдылығы 36 тонналық 20 сұйық газ жинақтағыш орнатылу көзделуде. Оның сыртында 40 шақырымға жете жығылатын табиғи газ таратқыш қондырғылар тартылады. Сөйтіп, ауылдағы 240 тұрғын үй және 40 нысан көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек. Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласын осындай газ жүйесіне қосу жұмыстары да біртіндеп жүзеге асырылмақшы. Қазір 20 газ тарату қондырғысын қайта жабдықтауға қатысты жобалау-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Жаңаөзендегі жағдай тым саясиланып кетті


Жаңаөзендегі жағдай тым саясиланып кетті. Жалпы елде ұлттық идеоголия әлсіреп барады. Осының салдарынан қоғамда саяси сауатсыздық белең алып отыр. Отандық сарапшылар осындай пікірде. Жаңаөзендегі қордаланған мәселені құқықтық жолмен шешу мүмкін емес. Бұл арада әлеуметтік-психологиялық тәсілдерге жүгінген абзал. Өңірде дағдарыс орталығын ашып, оған әлеуметтанушылар, саясаткерлер мен психологтарды тарту қажет. Бүгін Астанада бас қосқан кәсіподақ мүшелері мен саяси сарапшылар ортаға осындай ой тастады. Сарапшылардың пікірінше, Жаңаөзендегі жағдай бар болғаны әлеуметтік шиеленіс қана еді. Жергілікті атқарушы билік те, қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтар да өңірдегі ахуалға тиісті деңгейде мән бермеді. Байыбына баруға да тырыспады. Осы салғырттықтың салдарынан оқиға саясиланып кетті. Бірақ бұл осы жағдайға тек қана кәсіподақ кінәлі деген сөз емес. Бұл қоғамға дендеп енген дерт, – дейді саясаттанушы Ғазизат Иманқұлова. Сарапшылардың пайымынша, қордаланған мәселелер елді тұрақсыздыққа алып келетін қауіпті фактор. Сондықтан кәсіподақ қозғалысы институтын дамытуға күш салу қажет. Әуелі әлеуметтік серіктестікті нығайтып, «Кәсіподақ туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Тіпті, осындай мәселелерді шиеленістірмей уақытылы шешіп отыратын арнайы мемлекеттік қызмет құрған жөн. Өйткені кәсіподақ түрлі корпоративтік іс-шаралар ұйымдастырудан аса алмай жүр.

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

“www.gglobal.aef.kz” жаңа жүйесі


Елімізде экономикалықтүйткілдерді шешудің тәсілдері талқыланатын тың интернет жоба құрылды. Енді әлемнің игі жақсылары ғаламдық мәселелерді шешу үшін жан-жаққа ат сабылтпайды. Үйлерінде отырып-ақ мәслихат құра алады. Мұндай мүмкіндікті қазақстандық ғалымдар жасады.

Жаңа интеллектуалдық ғаламтор алаңы «G-global» деп аталады. Осы күнге дейін экономикалық тығырықтан шығудың жолын іздеген 500 мыңнан астам адам қазақстандық ғалымдардың жаңа жүйесіне жүгінген. Оның 18 мыңы интернет сайтқа қолданушы ретінде тіркелсе, алты мыңы тұрақты тұтынушысы  болып отыр. Күніне үш мыңнан астам адам үн қосып, пікір алмасады. Жаңа сайтта әлемнің 128 елінің білікті экономистері мен білгір сарапшылары өз пікірлерін білдіріп, өй бөліседі. «Ғалымдардың Еуразиялық Экономикалық Клубы» қауымдастығының ғылыми жетекшісі Арыстан Есентүгеловтың  айтуынша, бұл бір жағынан жақында ұйымдастырылғалы отырған Астананың бесінші экономикалық форумына дайындық іспеттес. Яғни, жиында талқылануға тиісті тақырыптар ұсынылып, көтерілетін мәселелер нақтыланған. Дегенмен дәл осындай интернет алаңдардың дамыған елдерде әлдеқашан құрылғандығы жасырын емес. Айтпағымыз, Қазақстан бұл жобаны ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып қолға алып отырғандығы.

 

Поделиться в соц. сетях

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki